Адам эмбриологиясының дамуының периодизациясы. Прогенез. Жыныс жасушаларының морфофункционалдық сипаттамасы



бет1/11
Дата03.11.2019
өлшемі0.64 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

  1. Адам эмбриологиясының дамуының периодизациясы. Прогенез. Жыныс жасушаларының морфофункционалдық сипаттамасы.

Адам эмбриологиясы – адам ұрығының дамуының, яғни оның құрылысы мен қызметтерінің қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін ғылым.

Пайда болғаннан бастап, өмірінің соңына дейін әрбір организмде өтетін бір ізділік морфологиялық, физиологиялық және биохимиялық процестердің жинағы онтогенез деп аталады. Жыныс жолы арқылы көбейетін организмде онтогенездің екі кезеңін ажыратады: эмбриондық және постэмбриондық.

Аналық жасушаның ұрықтануынан бастап, нәрестенің дүниеге келгенге дейін өтетін жаңа организмнің даму процестерін эмбриондық даму немесе эмбриогенез деп атайды. Туылғаннан кейін жалғасып, организмнің табиғи өліммен аяқталатын постэмбриондық кезең болады.

Адамның эмбриондық даму процесінде омыртқалы жануарларға тән барлық даму заңдылықтары және сатылары сақталады. Сонымен қатар адам дамуында айырмашылықтар да кездеседі. Адам ұрығының құрсақ ішілік дамуы орта есеппен 280 күнге созылады. Эмбриондық дамуды үш кезеңге бөлуге болады:

1) Бастапқы (дамудың 1-ші аптасы);

2) Ұрықтық (дамудың 2-8- ші аптасы);

3) Перзенттік даму кезеңі (9 аптадан туғанға дейін).

Ұрықтық кезеңнің соңында тіндер мен мүшелердің қалыптасуы аяқталады және ұрық адамға тән кескінге келеді. 9-шы аптаға қарай ұрықтың ұзындығы 40 мм, ал салмағы-5г. шамасындай болады.



ПРОГЕНЕЗ

Эмбриогенез прогенезбен тығыз байланысты. Прогенез - жыныс жасушаларының дамуы мен жетілуі. Прогенездің нәтижесінде жетілген жыныс жасушаларында хромосомалардың гаплоидты жиынтығы пайда болады.



Жыныс жасушалары

Аталық жыныс жасушалары – сперматозоидтар, немесе спермиялар аталық гонадаларда (аталық бездерде) өте көп мөлшерде түзіледі. Ұрықтық сұйықтықта бiрнеше миллион сперматозоидтар болады. Олар көлемi бойынша үлкен емес. Адамдарда олардың көлемі шамамен 70 мкм. Сперматозоидтардың негізгі қасиеттерінің бірі – белсенді қозғалғыштығы. Адамдарда қозғалу жылдамдығы – 30-50 мкм./с.

Құрылысы. Сперматозоидтың басын және құйрығын ажыратады. Оның басында жұқа цитолплазмамен қоршалған тығыз ядро, ал ядроның алдыңғы бөлiмiнде Гольджи кешенiнiң туындысы акросома орналасқан. Сперматозоид ядросында 23 хромосомалар бар. Оның біреуі жыныстық (Х-Y) хромосома, ал қалғандары аутосомалар. Акросомада ферменттер жиынтығы болады, оның iшiнде негiзгi орын алатындары: гиалуронидаза мен протеазалар. Бұл ферменттердің әсерінен ядроны қоршаушы фолликулалық жасушаларды бекітетін мукополисахаридтер ыдырап, сперматозоидтардың жасуша iшiне енуiне мүмкiндiк туады.

Сперматозоидтың құйрық бөлiмi байланыстырушы, аралық, негзгi және терминалды бөлiктерден тұрады. Олардың байланыстырушы бөлімінде немесе мойнында проксималды және білікті жiпше басталатын дисталды центриолилер, аралық бөлiмінде 2 жұп орталық және 9 жұп перифериялық микротүтiкшелер орналасқан. Орталық жіп пен плазмолемманың арасындағы цитоплазма құрамында митохондриялар, көп мөлшерде гликоген және АТФ бар. АТФ пен митохондрияның көп болуы оның сперматозоидты энергиямен қамтамасыз ететіндігіне дәлел.

Сперматозоидтардың қозғалғыштық жылдамдығына әсер етуші фактор - спермилардың жетілу дәрежесі, температура және рН ортасы.

Негізгі бөлімі құрылысы бойынша кірпікшеге ұқсас. Терминальді бөлімінің құрамында жиырылғыш филаменттер болады.

Аналық жыныс жасушалары. Жұмыртқалық жасушалар немесе овоциттер (лат. оvum – жұмыртқа) сперматозоидтарға қарағанда аз жетіледі. Әйелдерде жыныстық цикл (24-28 тәулік) кезінде әдетте бір жұмыртқалық жасуша жетіледі.

Аналық безден овоциттің шығуы овуляция деп аталады. Аналық безден шыққан овоциттер саны 3-4 мыңға жететін фолликулярлы жасушалардың тәждерімен қоршалған. Ол жатыр түтігінің шашақтарымен ұсталып жатырға қарай жылжиды. Олар домалақ, көлемдері үлкен және өз бетінше жылжу қабілеті жоқ. Овоциттердің центриолилері болмайды. Центриолидiң болмауына байланысты овоциттер өз бетiмен бөлiне алмайды. Оларға тән ерекшелiк цитоплазмасында сары уыздың болуы.

Жұмыртқалық жасушалар цитоплазмадағы сары уыздың мөлшеріне және оның орналасуына байланысты жіктеледі.

Сары уыз мөлшеріне байланысты аналық жыныс жасушаларының жіктелуі:

1. Сары уызы жоқ (алециталды);

2. Сары уызы аз (олиголециталды). Олар бiрiншiлiк (ланцентниктерде) және

екiншiлiк (сүтқоректілер мен адамдарда) болып екіге бөлінеді;

3. Сары уызы орташа (мезолециталды);

4. Сары уызы көп (полилециталды).



Сары уыздың орналасуына байланысты аналық жасушаларының жіктелуі:

1. Изолециталды – сары уыз біркелкі таралған (адамдарда);

2. Телолециталды- сары уыз полюстардың бірінде орналасқан;

3. Центролециталды - сары уыз жасушаның ортасында орналасқан.



Құрылысы. Адамның аналық жыныс жасушасының диаметрі 130 мкм. Оның цитолеммасында жылтырауық аймақ орналасқан. (zona pellucida — Zp) және ол фолликулярлы жасушалардың қабатымен қоршалып, сәулелi тәжi түзедi. Жұмыртқалық жасушаның вегетативті полюсында сары уыз, ал анималды полюсында ядро орналасады.

Аналық жыныс жасушасының ядросында хромосомалардың гаплоидты жиынтығы бар. Ооциттің өсу кезеңінде ядрода аРНҚ, рРНҚ синтезінің процестері қарқынды жүреді.

Цитоплазмада эндоплазмалық тор, рибосома, Гольджи аппараты жақсы дамыған. Гольджи аппараты алғашында ядроның маңайында орналасып, кейiннен цитоплазманың шетiне қарай ығысады. Бұл жерде оның туындысы – саны шамамен 4000-ға жететін кортикалды түйiршiктері (granula corticalia) орналасқан. Олар кортикалды реакцияға қатысып, аналық жасушаны полиспермиядан қорғайды.

Ооплазманың қосындыларының ішінде құрамында белоктары, фосфолипидтері және көмірсулары бар сары уыз түйіршіктеріне ерекше назар аударылады. Сары уыздың әр бір түйіршігі мембранамен қоршалған.

Мөлдір немесе жылтырауық аймақ гликопротеиндер мен гликозаминогликандардан тұрады. Гликопротеиндер үш фракцияданZpl, Zp2, Zp3 тұрады. Zp2 и Zp3 фракция ұзындығы 2-3 мкм және қалыңдығы 7 нм жіп түзеді. Олар Zpl фракциясы көмегімен жалғанған.

17. Адамның провизорлы мүшелері жайлы ұғым. Хорион, амнион, сары уыз қапшығы, аллантоис. Оның құрылымдары және маңызы.

Сары уыз қапшығы

Сары уыз қапшығы адам ұрығы дамуының 2-ші аптасында қалыптасады. Ол ұрықтан тыс энтодерма мен ұрықтан тыс мезодермадан түзілген. Адам эмбрионында сары уыз қапшығы қоректік және тыныс алу қызметіне белсенді түрде аз ғана уақыт қатысады. Тұлғалық қатпарлар түзілгеннен кейін ол ішекпен сабақша арқылы байланысады. Сары уыз қапшығының негізгі қызметі- қан түзу. Оның ұрықтан тыс энтодермасы біріншілік жыныстық жасушалар – гоноциттердің даму көзі болып табылады. Қан түзуші мүше ретінде сары уыз қапшығы ұрық дамуының 7-8-ші аптасына дейін қызмет атқарып, 3-ші айдың соңында кері дамиды. Кіндік бауы құрамында сары уыз қапшығы тар түтікше түрінде көрінеді.



Амнион. Амнион ұрықтың дамуы үшін қажет сулы ортаны түзетін уақытша мүше. Адам эмбриогенезінде гаструляцияның екінші фазасында ол аса үлкен емес көпіршік ретінде қалыптасады. Көпіршік қабығы ұрықтан тыс мезодермамен қосылатын ұрықтан тыс эктодерманы түзеді және ұрықты жұқа амниондық қабықпен қоршайды. Амниондық көпіршіктің қабырғасы ұрықтан тыс эктодерма жасушаларынан тұрады. Амниондық қабықтың негізгі қызметі – сулы орта өндіру және оны механикалық зақымдалудан қорғау. Амнион эпителиі ұрық маңайындағы суды бөліп қана қоймай, оларды қайта соруға қатысады. Жүктіліктің соңына дейін амниондық сұйықтықта ұрыққа қажетті құрам мен тұз концентрациясы сақталады. Амнион сондай - ақ қорғаныштық қызмет атқарады. Оның эпителиі – полигоналды жасушалардан түзілген бір қабатты жазық эпителий. Эмбриогенездің 3-ші айында жазық эпителий призмалы болып ауысады. Цитоплазмада ылғи липидтердің кішірек тамшылары, гликоген түйіршіктері және гликозаминогликандар болады. Жасушалардың апикальді бөлігінде көлемдері әр түрлі вакуольдер орналасады. Олар ішіндегілерін амнион қуысына бөледі. Амниондық қабықтың дәнекер тінді стромасында (тірек) базалды мембрананы, талшықты дәнекер тіннің қабатын және амнион мен хорионды байланыстырушы болбыр талшықты дәнекер тіннің кеуекті қабатын ажыратады. Тығыз талшықты дәнекер тіннің қабатында базалды мембрананың астында орналасқан жасушасыз бөлім мен жасушалы бөлімді көруге болады. Соңғысы араларында коллогенді және ретикулярлы талшықтары бар фибробластардың бірнеше қабаттарынан тұрады.

45.Анализаторлар туралы ілім аясында/ сенсорлық жүйелер/ сезім мүшелерінің жалпы сипаттамасы.Рецепторлық жасушалар және рецепция механизмі. Сезім мүшелерінің даму көзіне және рецепторлық жасушалардың құрылысына байланысты жіктелуі.

Сезу мүшелері туралы ілім анализатор мен рецепторлар туралы түсінікпен тығыз байла- нысты. Анализатор дегеніміз – тітіркен- діргішті қабылдап, нерв процесін өткізуші және организмнің әр түрлі факторларға рефлекторлық әрекетін тудырушы нервтік құрылым.

Сезу мүшелері деп анализаторлардың перифериялық бөлімін, рецепторлы аппаратын айтуға болады. Рецептор- лы аппарат өте күрделі және әр типті аппарат. Мысалы, көру, есту және т.б анализаторларда перифериялық бөлім қосымша құрылымдардан: бұлшық еттер, дәнекер тінді элементтер, нервтер және қан тамырларынан тұрады.

Сезу мүшелерін үш топқа бөледі:

Бірінші топқа - көру және иіс сезу мүшелері жатады. Олар мидан дамиды. Сондықтан рецепторлық жасушалар нағыз нейрондар, бірінші реттік нейросенсорлық жасушалар болып табылады.

Екінші топқа - есту, тепе – теңдікті сақтау және дәм сезу мүшелері жатады. Олардың даму көзі эктодерма плокадалары.

Үшінші топқа - терінің және басқа мүшелердің күрделі сезу нерв ұштары жатады.

33. Арнайы қасиетi бар тiндер: ретикулярлы тін, май тіні, шырышты және пигмент тіндері.Олардың таралуы, қызметі, құрылыс ерекшеліктері.

Арнайы қасиеті бар дәнекер тіндерге ретикулярлы, майлы, пигментті және шырышты тіндерді жатқызады.



Ретикулярлы тін тармақталған ретикулярлы жасушалардан және ретикулярлы талшықтардан тұрады. Көпшілік ретикулярлы жасушалар ретикулярлы талшықтармен байланысып, тармақтары арқылы жанасып үш өлшемді тор түзеді. Ретикулярлы талшықтар қан түзуші мүшелердің стромасын түзеді.

Ретикулярлы талшықтар – ретикулярлы жасушалардың синтезінің өнімі. Олар күміс тұзымен импрегнациялау кезінде байқалады, сондықтан оны аргирофильді депте атайды. Бұл талшықтар әлсіз қышқылдар мен сілтілердің әсеріне төзімді болып келеді.

Аргирофильді талшықтар топтарында өздік ретикулярлы және преколлагенді талшықтарды ажыратады. Өздік ретикулярлы талшықтар – құрамында ІІІ типті коллагені бар соңғы түзіліс. Преколлагенді талшықтар эмбриогенезде және регенерация кезінде коллагенді талшықтардың алғашқы түзілу формасы болып табылады.

Май тіні – бұл көп мүшелерде кездесетін май жасушаларының жиынтығы. Май тінінің екі түрін ажыратады – ақ және қоңыр. Ақ май адам ағзасында кеңінен тараған, ал қоңыр май жаңа туған нәрестелерде және кейбір жануарларда өмір бойы кездеседі.

Ақ май адамдарда тері астында, санда, бөкседе, шарбыда, шажырқайда кездеседі. Борпылдақ талшықты дәнекер тіні қабаттары май тінін көлемі мен пішіні әр түрлі бөлшектерге бөледі. Бөлшектердің ішінде май жасушалары бір – бірімен жақын жанасып орналасқан. Май жасушалары – адипоциттердің цитоплазмасында бір үлкен май тамшысы бар, ал ядросы мен органеллалары жасушаның ішетін қарай ығысқан. Май жасушаларының араларынан жіңішке коллагенді талшықтар өтеді. Бұл жасушалардың арасында орналасқан борпылдақ талшықты дәнекер тін қан тамырларымен жақсы жабдықталған.

Қоңыр май тіні жаңа туған нәрестелердің және ұйқыға кететін жануарлардың мойнында, жаурын маңайында, төстің астында, омыртқа бойында кездеседі. Олар майлы жасушалардан тұрады және жылу өндіру процесіне қатысады. Қоңыр майдың адипоциттерінің цитоплазмасында көптеген ұсақ май қосындылары кездеседі. Ядролары мен органеллалары жасушаның ортасында орналасақан. Ақ май тіні жасушаларымен салыстырғанда қоңыр май тіні жасушаларының митохондриялары көп болады. Май жасушаларына митохондриядағы құрамында темірі бар пигменттер - цитохромдар қоңыр түс береді. Бұл майда борпылдақ талшықты дәнекер тіндерінің фибробластары болады. Жылу алмасу процесін реттеуде негізгі рөлді симпатикалық нерв жүйесі және бүйрек үсті безінің милы затындағы гормондар – адреналин мен норадреналин атқарады. Олар тіндік липазаның белседілігін арттырады және триглицеридтерді глицерин мен май қышқылына ыдыратады. Бұл қанды жылытатын жылу энергиясының бөлінуіне әкеледі. Ашыққан кезде қоңыр май тіні ақ май тініне қарағанда аз өзгереді.

Пигментті тін - бұл құрамында көп пигментті жасушалар – меланоциттер бар тін. Олар көздің тамырлы қабығында, сүт безі емізікшесі мен ұма айналасында кездеседі. Пигментті тін ультрокүлгін сәулесінен қорғайды.

Шырышты тін тек ұрықта ғана кездеседі. Оның зерттеу объектісі адам ұрығының кіндік бауы. Шырышты тіннің талшықтары аз, аморфты заттары көп. Жасушалық элементтері негізі мукоциттерден тұрады. Жүктіліктің екінші жартысында бұл тіннің жасушалары арасынан гиалуронды қышқылдарды көруге болады. Шырышты дәнекер тінінің фибробластары фибриллярлы белоктарды әлсіз синтездейді. Ұрықтық дамудың кеш стадиясында шырышты затта коллогенді фибриллярлар пайда болады. Ұрық дамыған сайын олардың саны артады.

8.Арнайы органеллалар. Қосындылар. Анықтамасы, жіктелуі. Гиалоплазма, оның физикалық- химиялық қасиеті, жасуша тіршілігіндегі маңызы.



Арнайы органеллалар

Кірпікшелер мен ширақшалар

Олар қозғалыстың арнайы органеллалары, әр түрлі организмдердің кейбір жасушаларында кездеседі.

Кірпікшелер цитоплазманың жіңішке цилиндр тәрізді өсіндісі. Бұл өсінді басынан бастап ұшына дейін плазмалық мембранамен қапталған. Оның ішінде көбінесе микротүтіктерден тұратын күрделі құрылым – аксонема орналасқан. Кірпікшенің проксимальді бөлігі (базальды денешік) цитоплазмаға енген.

Аксонема перифериясында 9 жұп микротүтікшелер, ал ортасында 2 жеке микротүтікшелерді ажыратады, яғни оның құрылымдық формуласы 2х9+2. Олардың қызметі кірпікшелер мен ширақшалардың өзегін құру.

Кірпікшелер және ширақшалармен жабдықталған жасушалар еркін жылжи алады. Кірпікшенің негізгі белогы - тубулин. Оның жиырылу және қысқаруға қабілетсіз. Жиырылғыш белок – динеин. Етті талшықтардың жиырылуы етті белоктар: миозин және актиннің фибриллдерінің қарама - қарсы жылжуы нәтижесінде жүреді.



Базальді денешіктер құрылысы жағынан ценртиольдерге ұқсас. Олар кірпікшелер мен ширақшалардың түбінде орналасқан микротүтікшелердің 9 триплеттерінен тұрады. Оның қызметі: аксонема қалыптасуына матрица болу.

Қосындылар

Жасушаның тіршілік әрекеті үздіксіз жүретін метаболизм процесімен сипатталады. Осыған байланысты жасушада түрлі заттар жиналып және жойылып кетіп отырады. Бұлар цитоплазмадағы қосындылар. Трофикалық, секреторлық, экскреторлық және пигментті қосындыларды ажыратады.



Трофикалық қосындыларға белоктар, майлар, көмірсу және аналық жыныс жасушаларының сары уызы жатады. Бұл қосындылар энергия қоры болып табылатын глюкозаның өңделуіне қажет. Жасушада субстрар жетіспеген жағдайда, бұл қосындылар қанға кері сорылып, тіндерде энергия көзі ретінде пайдаланылады. Сондықтан, ұзақ мезгіл бойы аш болған организмнен алынған жасушалардың цитоплазмасында трофикалық қосындылардың мөлшері аз не олар тіпті болмайды.

Секреторлық қосындылар – жасушаның сыртына шығарылып, организмнің тіршілік әрекеттеріне қатысатын өнімдер. Олар цитоплазмада гормондар мен белоктардың гранулдары немесе тамшылары ретінде кездеседі.

Эскреторлық қосындылар – зиянды зат есебінде жасушалардан шығарылуға тиісті ыдырау өнімі. Оның құрамында ферменттер немесе басқа активті заттар болмайды.

Пигментті қосындылар цитоплазманың табиғи боялған заттары. Оларды көру үшін арнайы бояумен бояудың қажеті жоқ. Қайсібір тіннің табиғи түсі олардың жасушаларындағы пигменттердің типі мен мөлшеріне байланысты. Пигменттердің эндогендік және экзогендік топтарын ажыратады. Олар организмнен тыс пайда болып, оның ішіне әр түрлі жолдармен еніп, жасушалардың цитоплазмасында орналасады. Эндогендік пигменттер жасуша ішінде түссіз заттардан синтезделеді. Мысалы үшін, қанды боз – қызыл түске бояйтын гемоглобин. Тері жасушаларында меланин деп аталатын пигменттің маңызы зор. Ол организмді ультрокүлгін сәулесінен қорғайды. Сондай - ақ жүрек бұлшық еті, нерв, бауыр жасушаларында кездесетін липофусцин пигментін жатқызуға болады. Бұл пигменттің мөлшері адамның жасына сай өзгереді, сондықтан оны “қартаю пигменті” деп атайды.

Гиалоплазма

Гиалоплазма (грек. hyalinos – мөлдір) – негізгі плазма немесе цитоплазманың матриксы. Ол жасушаның негізгі бөлігін құрайды.

Электрондық микроскопиялауда цитоплазма матриксы гомогенді немесе жіңішке түйіршікті зат түрінде көрінеді. Гиалоплазма күрделі коллоидты жүйеге жатады. Оның құрамында әр түрлі биополимерлер: белоктар, нуклеин қышқылдары, полисахаридтер т.б. бар. Бұл жүйе сұйық күйінен қоймалжың түріне және керісінше ауысуы мүмкін. Гиалоплазма құрамына глобулярлы белоктар кіреді. Олар эукориоттық жасушаларда жалпы белоктардың 20-25 % құрайды. Гиалоплазманың маңызды ферменттеріне қанттың, амин қышқылдарының, майлар мен т.б маңызды қосындыларының ферменттері жатады. Онда РНҚ мен белоктың синтезделуі кезінде аминқышқылдарының белсенділігін арттыратын ферменттер орналасқан. Жасушаның осмостық және буфферлік қасиеттері де гиалоплазманың құрамы мен құрылысына байланысты. Гиалоплазмада рибосома мен полирибосоманың қатысуымен белок синтезі жүреді, ол жасушалардың тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажет.



37. Бұлшық ет тіндерінің жалпы морфрфункционалдық сипаттамалары. Ет тіндерінің морфофункционалдық және гистогенетикалық жіктелуі. Шығу тегі эпидермалды, нейралды ет тіні.

Құрылысы мен шығу тегі әр түрлі, бірақ жақсы жиырылу қабілеті бойынша ұқсас тіндерді бұлшық ет тіні деп атайды. Олар кеңістікте бүкіл организмнің тұтас немесе оның жеке бөлшектерінің орын алмастыруын жүзеге асырып, ішкі мүшелерді қозғалысқа келтіреді.

Бұлшық ет тiндерi топтарына тән морфологиялық белгілер:

Олардың құрылымдық пiшiндерінің ұзыншақ болуы;

Арнайы органеллар – миофибриллдер мен миофиломенттердің болуы;

Жиырылғыш элементтердің қасында митохондриялардың орналасуы;

Гликоген, липидтер және миоглобин қосындыларының болуы.

Арнайы жиырылғыш органеллалар - миофиламенттерге негізгі фибриллярлы белоктар – актин мен миозин әсер еткенде, миофиломенттер бұлшық еттің жиырылуына ықпал етеді. Бұл процесті митохондриялар энергиямен қамтамасыз етеді. Энергия көзінің қоры гликоген мен липидтерді түзеді.

Бұлшық ет тiнiнiң классификациясы

Бұлшық ет тіні екі принцип бойынша жіктеледі: морфофункциялық және гистогенетикалық.



І. Жиырылғыш органеллалардың құрылысына байланысты бұлшық ет тінінің морфофункциялық жіктелуі:

1. Көлденең жолақты бұлшық ет тіндері;

2. Тегіс салалы бұлшық ет тінідері.

II. Шығу тегiне байланысты бұлшық ет тiндерiнiң гистогенетикалық жіктелуі:

Мезенхимдi – мезенхимадан дамиды;

Эпидермальді – терi эктодермасынан дамиды;

Нейральді – нерв түтiгiнен дамиды;

Целомдық – спланхнотомның миоэпикардиалды пластинкасынан дамиды;

Соматикалық – дорсальді мезодермадан дамиды.

Алғашқы үш түрi тегіс салалыларға, ал целомдық және соматикалқ түрлерi

көлденең жолақтыларға жатады.



23. Бір қабатты эпителилер: бірқабатты жазық /мезотелий және эндотелий/, бірқабатты куб, бірқабатты призмалы, көпқатарлы призмалы кірпікшелі. Бірқабатты эпителилердің шығуы, таралуы, қызметі мен құрылысындағы ерекшеліктері.

Бір қабатты жазық эпителий. Оған мезотелий мен эндотелий эпителиі жатады.



Мезотелий сірлі қабықты қаптайды. Оның жасушалары – қырлары түзу емес жызық мезотелиоциттер. Мезателий арқылы сірлі сұйықтықтың бөлінуі және сіңірілуі жүреді. Мезотелидің беті тегіс, осыған байланысты ішкі мүшелер жақсы жылжиды. Ол іш перде және төс қуысындағы мүшелердің бір - бірімен жабысып қалуына кедергі жасайды.

Эндотелий қан және лимфа тамырларын, жүрек камераларын астарлайды. Ол базальды мембранада бір қабат болып орналасқан эндотелиоциттерден тұрады.

Эндотелий организмдегі қан мен басқа тіндердің арасындағы зат және газ алмасу процесіне қатысады. Ол зақымданғанда тамырларда қан ағысы бұзылып, ұйыған қан – тромб түзілуі мүмкін.

Бір қабатты куб тәрізді эпителий. Ол бүйрек өзекшелерінің бір бөлігін астарлайды.. Бүйрек каналшаларының эпителиі алғашқы несептен қанға бірқатар заттарды қайта сору қызметін атқарады.

Бір қабатты призмалы эпителий. Бұл түр ас қорыту жүйесінің ортаңғы бөліміне тән. Ол асқазан, жіңішке, жуан ішектер, өт қабының ішкі бетін астарлайды.

Асқазанның бір қабатты призмалы эпителиінде барлық жасушалар безді болып табылады. Безді жасушалар кілегей бөліп, асқазанның қабырғасын тағамның ірі бөлшектерінен қорғайды.

Жіңішке ішекте бір қабатты призмалы көмкермелі эпителий сору қызметін атқарады. Ол призмалық эпителиоциттерден түзілген, олардың араларында безді бокал тәрізді жасушалар орналасқан. Бокал тәрізді жасушалар кілегей бөледі. Кілегей эпителиді қаптап, оны механикалық, химиялық және инфекциялық әсерлерден қорғайды. Эндокринді жасушаларда ішектің эпителиалды астарында орналасқан. Олар қанға гормондар бөліп, асқорыту аппараты мүшелерінің қызметін ретттейді.

Көп қатарлы кірпікшелі эпителий. Ол ауа жүретін жолдарды - мұрын қуысын, кеңірдекті, бронхтарды және т.б бір қатар мүшелерді астарлайды. Ауа жүретін жолдарда көп қатарлы эпителилер кірпікшелі болады. Кірпікшелі жасушалар биік, призмалы. Олардың апикальді бөлімі кірпікшелермен қапталған. Олар қорғаныштық қызмет атқарады.

Базальді жасушалар базальді мембранада эпителиальді пластың түбінде орналасқан. Олар бөлініп және кірпікшелі мен бокал тәрізді жасушаларына түрленетін камбиальді жасушаларға жатады.

Бокал тәрізді жасушалар эпителий бетіне шырыш секреттейді. Бұл жасушалардың көлемдері мен пішіндері әр түрлі, сондықтан олардың ядролары эпителиалді пластың әр түрлі деңгейінде орналасқан: үстіңгі қатарда – кірпікшелі жасушалардың ядролар, ортаңғысында – кірістірмелі, бокал тәрізді және эндокринді жасушалардың ядролары, ал төменгіде – базальді жасушалардың ядролары.

19. Дамудың қатерлі кезеңдері жайлы ұғым. (П.Г.Светлов). Адам ұрығының негізгі қатерлі кезеңдері. Детерминация процесінің бұзылуы аномалия мен кемтарлықтың себептері ретінде.

Дамудың қатерлі кезеңдері

Онтогенездің даму барысында, әсіресе эмбриогенезде дамушы жыныс жасушалары мен ұрықтың жоғарғы сезімтал кезеңдері байқалады. Оған ең алғаш назар аударған австриялық дәрігер Норман Грегг (1944). Орыс эмбриологы П.Г Светлов (1960) дамудың қатерлі кезеңдері теориясын ұсынып, оны эксперименталды түрде тексерген. Ұрықтық дамудың кезеңінде және олардың мүшелерінің қалыптасуында күрделі сапалық қайта құрулар жүреді. Жасушалардың детерминация, пролиферация және дифференцировка процестері кезінде ұрық зиянды әсерлерге өте сезімтал келеді. Ұрықтың дамуына зиянды әсер ететін факторлар тератогендік (лат. teras – ақаулар) факторлар деп аталады.



Қатерлі кезеңдер туралы түсінік. Қатерлі кезеңдер деп әр түрлі зақымдағыш факторлардың әсеріне ұрық дамуының ең сезімтал кезеңдерін айтады. Басқаша айтсақ, бұл сыртқы орта факторларының әсеріне ұрық резистенттігінің (төзімділігінің) ең төмен кезеңдері. Қатерлі кезеңдерде зақымдаушы экзогендік факторлар химиялық заттар, дәрі-дәрмектер, рентген сәулелері, гипоксия, наркотиктер, никотин, вирустар және т.б. болуы мүмкін. Бірақ, ұрық кез-келген кезеңдерде барлық зақымдаушы факторларға бірдей сезімтал емес. Бір кезеңде ол температуралық әсерлерге сезімтал болса, басқасында химиялық әсерлерге сезімтал болады. Дамушы мүшелер мен жүйелердің арасында бас миының алатын орны бөлек. Плаценталық барьер арқылы өтетін химиялық заттар мен дәрі - дәрмектер жүктіліктің алғашқы айында ұрық үшін өте қауіпті. Себебі олар метаболизденбейді және тіндер мен мүшелерде жоғары концентрациялы күйде жинақталады. Наркотиктік заттар жүйке жүйесінің дамуын бұзады. Вирустар дамудың ауытқуларын тудырады, тіпті құрсақ ішілік өлімге алып келеді. Ауытқулар мен кемтарлықтың алдын алу үшін бұл заңдылықтар жүкті әйелдер мен дәрігерлердің назарларынан тыс қалмауы тиіс.

Ауытқулар мен кемтарлықтың себебі – детерминация процестерінің бұзылуы. Қатерлі кезеңдерде ұрықтардың метаболизмі қатты өзгеріске ұшырайды, тыныс алуы күшейеді, РНҚ мөлшері өседі, бұрын болмаған белоктар синтезделеді. Сонымен бірге, ұрықтың өсуі қарқынды баяулайды, бірақ сапалы қайта құрылу ұлғаяды. Осы мәліметтерді талдап көрсек, қатерлі кезеңдер жеке мүшелердің немесе мүшелер жүйесінің детерминациясы, морфологиялық дифференциялану кезеңдері басталуына сәйкес келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©netrefs.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет